"Әжелер мектебі" қатысуымен тәрбиеленушілермен жұмыс
Бөбекжай-бақшада ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында «Әжелер мектебі» мүшелерінің қатысуымен «Жүннен жасалған ұлттық бұйымдар» тақырыбында тәрбиелік іс-әрекет өткізілді. Мақсаты – тәрбиеленушілерді халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен және қолөнерімен таныстыру, жүннен бұйым жасау тәсілдерін көрсету, балалардың шығармашылық қабілеті мен ұсақ қол моторикасын дамыту, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Кездесу барысында әжелер балаларға қой жүнінің қалай алынатыны, оның тазартылуы, түтілуі, иірілуі және боялуы туралы түсінік берді. Сондай-ақ жүннен киіз, текемет, сырмақ, алаша, қолғап, шұлық, бас киім, жіп және түрлі сәндік бұйымдар жасауға болатынын айтып, дайын ұлттық бұйымдарды көрсетті.


